Қоңырат Байлар-Жандар Шежіре
Кіру
← Барлық жаңалықтар
·Жорабаев Нұралы Мүсәліұлы·

Шардара қонақтарын күтеді

АРДАҚТЫ АҒАЙЫН-ТУЫС, ҚАДІРЛІ ҚОНАҚТАР!

Сіздерді Орта жүз Қоңырат бабадан тараған Абат атамыздың, сондай-ақ бақилық болған барша ата-бабаларымыздың, ана-әжелеріміз бен туған-туыстарымыздың рухына Алла разылығы үшін берілетін жыл сайынғы дәстүрлі асқа ақ ниетпен шақырамыз.

Бұл ас — жыл сайын ағайынның басын қосып, ата-бабаларымызды еске алып, Құран бағыштап, бірге дұға жасайтын жақсы дәстүріміздің бірі.

Ата-бабаны еске алу арқылы біз олардың өмір жолын кейінгі ұрпаққа танытамыз. Үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуды, ағайынмен тату болуды үйретеміз. Осындай басқосуларда алыста жүрген ағайын көрісіп, бір-бірімен жақынырақ танысып, аралас-құраласы арта түседі.

Абат ата кесенесі — біз үшін ата-бабаларымызды еске алып, Құран бағыштайтын қасиетті орын. Бұл жер жыл сайын ағайынның басын қосып, өткен мен бүгінді жалғап келе жатқан рухани мекен.

Бүгінгі таңда елімізде де бірлік пен татулықты, өзара құрмет пен елдің ынтымағын сақтау басты құндылықтардың бірі болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөздерінде халық бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңызын үнемі атап келеді.

Біздің осындай дәстүрлі басқосуларымыз да осы ортақ құндылықтарға сай келеді. Ағайынның бір-біріне деген сыйластығы мен татулығы — ел бірлігінің берік негізі.

Шежіре мен ата-текті білу — қазақты бөлу үшін емес, бір-бірімізді тану үшін керек. Қазақ руға бөлінбейді, қазақ рудан құралады. Әрқайсымыз өз руымыздың тарихын білгенмен, бәріміздің ортақ Отанымыз, ортақ тарихымыз — қазақ елі.

Сондықтан ата-баба тарихын білу мен кейінгі ұрпаққа жеткізу — өткенді ғана еске алу емес, болашаққа деген жауапкершілік. Өз тарихын білген ұрпақ елін, жерін, ағайынын қадірлейді.

Осындай жақсы дәстүрлер арқылы ағайынның бірлігі нығайып, кейінгі ұрпаққа ата-баба жолы мен елдің ынтымағын жеткізе аламыз.

📅 11 қазан 2026 жыл ⏰ Сағат 11:00 📍 Шардара қаласы, «Абат ата» руханият орталығы

Ас берушілер — Жетісай ауданындағы Байлар-Жандар ұрпақтары.

Ағайынның амандығы, елдің бірлігі мен берекесі үшін берілетін осы асқа баршаңызды шақырамыз.

Бір дастарқан басында бас қосып, ата-баба рухына Құран бағыштап, жақсы ниетпен бірге дұға жасайық.

Ағайын, жүздескенше!